ШКО Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ресми сайты

Жаналықтар

Жас мамандардың сайысы өтті

Биыл «Алаш» қозғалысына 100 жыл толды. Осы атаулы датаға орай Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы 2017 жылы 6 қыркүйекте Өскемен қаласында мемлекеттік қызметшілер мен жас мамандар арасында үш тілді білуден облыстық «Тіл шебері» байқауын өткізді.

Шараға қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген 21-29 жас аралығындағы үміткерлер қатысты.
Конкурстың мақсаты – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсету, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру. Жастар арасында тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілділікті дамыту, қазақстандық рухани бірлікті нығайту.
Облыстық конкурс үш аталымнан құралған болатын. «Тұсаукесер» деген бірінші аталымның шарты бойынша үміткерлер қазақ халқының салт-дәстүрі, ділі мен тілі жөніндегі сұрақтарға қазақ тілінде, екінші «Ұлттаным» аталымында қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, еліміздің аймақтары жөніндегі сұрақтарға орыс, ағылшын тілдерінде жауап беріп, білімдерін ортаға салды. Ал соңғы аталым «Өнертанымда» сайыскерлер қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі жаңылтпаштарды жаңылмай 3 рет айтудан жарысқа түсті. Конкурс «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына ұйымдастырылғандықтан «Ұлттаным» аталымында тапсырмалар қазақ елінің тарихы, Алашорда партиясы, репрессияға ұшыраған зиялы қауым, Желтоқсан оқиғасына арналды.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Семей қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас маманы Мадияр Байтабановқа бұйырды. Мадияр басқа үміткерлермен салыстырғанда үш тілде де сұрақтарға толық жауап беріп, сөздік қорының мол екенін көрсетіп алға шықты.
Бірінші орынды Аягөз ауданынан келген жас маман Мөлдір Мустафина алса, екінші орынды Зырян ауданы жас маманы Абылайхан Батырұлы иеленді. Үшінші орын Риддер қаласынан келген жас маман Айсара Кенжебаеваға бұйырды.

Облыстық конкурстың жеңімпаздары арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Басқа қатысушыларға басқарма атынан алғысхаттар мен сыйлықтар табыс етілді.  

Жас мамандардың сайысы өтті

Жас мамандардың сайысы өтті

 

ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы