ШКО Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ресми сайты

 Латын әліпбиіне оралу – қазақ тілінің жаңа белесі

Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу керектігімізді және болашақта барлық саладағы іс қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екендігі айтылған. Латын әліпбиіне көшу мәселесі өте өзекті әрі орынды.

Қазақ тілі – түркі  тілдерінің ішіндегі ең негізгісі, ең бай тіл. Латын әліпбиіне көшудегі мақсатымыз - өзіміздің бауырлас елдермен түсінісе алатын және бір-біріміздің жазғанымызды оқи алатындай болуымыз керек.

Тарихымызға көз жүгіртсек, еліміз 3 әліпбиді ауыстырған екен. Бірақ сол заманды бүгінгі өмір сүріп жатқан дәуірімізбен салыстыруға келмейді, компьютерлердің, жаңа технологиялардың болмаған кезі, соған қарамастан халқымыз басына түскен қиыншылықтарды еңсере білді. Ал бүгін барлық қиындық артта қалып, технологияның күннен күнге дамыған заманында латын әліпбиіне көшсек, ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймын.

Латын әліпбиіне көшеміз деп айту оңай, бірақ оны іс жүзінде жүзеге асыру біраз еңбекті, қажырлықты, ауызбіршілікті талап етеді. Бүгінгі күні халық назарына ұсынылып жатқан латын әліпбиінің  жобаларын талдау үстіндеміз. Алғашқы Парламенттік тыңдауда ұсынылған жобадан (диграфпен берілген), күні кеше ғана Елбасына ұсынылған  жоба (апострофтармен) өте ұтымды. Қазақ тіліне тән төл  дыбыстарымызды бір таңбамен белгілеудегі ұтымды ұсыныстары жаңа жобада жақсы көрініс тапқан. Мен өз басым осы жобаны қолдаймын. Әрине, әлі де біраз ескеретін, жүргізілетін жұмыстар бар. Осы бағыттағы жұмыстардың бәрін тиянақты жүзеге асыратын болсақ, ұтармыз да мол балмақ.

 

А.М. Қартаева, филология ғылымдарының докторы,
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры,
Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының меңгерушісі