ШКО Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ресми сайты

Қазақ тілінің жаңа әліпбиі – ұлт болашағы үшін жасалып жатқан игі қадам

Латын әліпбиіне көшу мәселесін талқылау бүгінде қазақ қоғамында қызу жүріп жатқан үдеріс.  Әлемдегі халықтың 80 %-ы технология мен ақпараттың тіліне айналған латын жазуын өз графикасы арқылы меңгерген.  Өркениет тілі болғандықтан, біздің ғасырдағы алпауыт өзгерістерге сай, ұрпақтың мүддесінен шығатын латын графикасын қазақ жұртшылығы еш жатсынбай қабылдары сөзсіз.Өйткені біздің жазу тарихымызда латын графикасы болған, біз бүгінде заманның дидарына сәйкес латынға қайта оралу әрекеттерін жүзеге асырудамыз.

Осығанға дейін қазақ лингвистері латын әліпбиінің 100-ден астам нұсқасын ұсынды. Талай талқылаудан өтті. Бүгінде Елбасына ұсынылған қазақ тілінің латынша әліпбиінде 32 әріп бар, нұсқа көңілге қонымды. Бір қуантары - жаңа жобада қазақ тілінің өзіне ғана тән дыбыстары диграфпен емес, арнайы символ – апострофпен белгіленген. Латын әліпбиіндегі қаріптер өзгеріссіз қалған. Бір әріпке бір таңба қағидаты сақталған. Бұның өзі кез келген адамның графиканы тез меңгеруіне үлкен себепші болмақ. Сондай-ақ, қазақ тілінің сингорманизм заңдылықтарын сақтап қолдануда жаңа нұсқа ыңғайлы. Көз үйренген ағылшын, түрік тілдерінің әліпбиіне ішінара ұқсас келетін жақтары байқалады. Осы ретте тілдер арасындағы графиканың ұқсастығы біздің жастарымыздың рухани дамуына жол ашады деп білемін.  Әлемдегі экономикалық, әлеуметтік, ғылыми жаңалықтардан дер уақытында хабардар болуға мүмкіндік береді.

«Көш жүре түзеледі», -дейді дана халқымыз. Латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу үдерісі 2025 жылға дейін жалғаса бермек. Жаңа әліпбидің нұсқасы әлі де толықтырылады, емлені жүйелеуде ішінара өзгеріске түсуі мүмкін. Бұл – заңды құбылыс.

Латын әліпбиі – ұлтымыздың болашағы үшін жасалып жатқан игі қадам. Оны ашық прагматизммен қабылдап, дұрыс насихаттау әрбір отандасымыздың парызы екенін естен шығармауымыз керек.

 

«ӨРЛЕУ» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы ШҚО бойынша педагог қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Сейлхан