ШКО Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ресми сайты

Латын әліпбиінің жобаларына қатысты ПІКІР

Бүгінгі таңда қазақ жазуының кириллицадан латын әліпбиіне ауысуы заман талабынан туындаған, аса маңызды, күрделі, көкейкесті мәселенің бірі. Қазақ жазуын латын графикасына ауыстырудағы ең басты шешім біздің тілімізге ыңғайлы, жеңіл, қолайлы әліпби таңдауымызбен тікелей байланысты екені айқын дүние. Қазіргі ұсынылып отырған жобаларға қатысты өз пікірімді білдіретін болсам, біздің тілімізге диграфтар мүлде сай келмейді. Өйткені қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан сөздердің орфографиясы қиындап, қазақ сөздерінің айтылуы заңдылықтарына нұқсан келеді. Әліпбиде әр дыбыстың өз таңбасы болуы қажет.  Сондықтан ұсынылып отырған соңғы жоба осы тұрғыдан қолайлы екені даусыз. Әрі ағылшын тілінің пернетақтасына сай келіп, жазу жұмыстарын жеңілдететіні де түсінікті. Дегенмен, апострофтардың жиі қолданылуы көзіміз үйренбегендіктен бе екен, сөздердің жазылуының эстетикалық көркемдігіне шамалы кері әсер етіп тұрғандай. Жалпы бұл соңғы жобаны ұсынылған жобалардың ішіндегі ұтымды жобалардың бірі деп бағалаймын.

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ доценті,
Филология ғылымдарының кандидаты А.А. Алимхан