ШКО Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ресми сайты

Мемлекеттік тіл – менің тілім

2017 жылғы 24 қарашада Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Глубокое кентінде мемлекеттік тілді жетік меңгерген, оны қоғамдық өмірде белсенді қолданып жүрген өзге ұлт жастарының «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты дәстүрлі форумы өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған шараның мақсаты – рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы ретінде мемлекетік тіл – қазақ тілінің қоғамдағы мақсаты мен міндеттерін өзге ұлт жастары арасында кеңінен насихаттау. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясының одан әрі кеңеюіне ықпал ету.

Форумға облыстың қала, аудандарынан мемлекеттік тілді меңгерген 18-35 жас аралығындағы өзге ұлт жастары, тіл жанашырлары қатысты. Осымен жетінші рет ұйымдастырылып отырған шараға аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары мен мамандары, мемлекеттік емес және жастар ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдері, Глубокое ауданында мемлекеттік органдарда, кәсіпорындар мен мекемелерде қызмет етіп жүрген жастар шақырылды.

Форумға қатысушы делегаттар мемлекеттік тілдің мәртебесі, оның қолданыс аясын кеңейту, латын қарпіндегі жаңа әліпбиге көшу үдерісі және тілдердің үштұғырлығы төңірегінде өз ойларын ортаға салды.

Бірінші боп сөз алған Ильсия Бугуева мемлекеттік тілді меңгеру – азаматтық парыз деп санайды. Өз баяндамасында өскемендік қыз былай дейді: «Қазіргі уақытта тіл үйренуге барлық жағдай бар, тілді тегін үйрететін орталықтар да бар. Тіл үйренуге келгенде сылтау айтып жүрген құрдастарыма айтар едім: тіл үйрену үшін жазда қазақ ауылына барыңдар! Қалған уақытта осындай орталықтарға барыңыздар дегім келеді. Осындай мүмкіндікті дұрыс пайдалана білейік достар! Тіл үйрену үшін адамда қызығушылық болса жеткілікті деп санаймын», деді.

Өскемен политехникалық колледжінің студенті Иван Архипов мемлекеттік тілді латын әліпбиімен байланыстырды: «Әлемде ақпараттың негізгі ағымы ағылшын тілінде таратылатынын ескерсек, Қазақстан үшін латынға көшудің пайдасы өте көп болары сөзсіз.   Қазіргі таңда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу саясатын қолдаймын. Латын әліпбиіне көшуден қорқудың еш негізі жоқ деп санаймын. Бұл қадамға бару болашақ үшін маңызды екеніне сенемін» деген шабытты сөздермен аяқтады.

Глубокое ауданындағы әкім аппаратында мемлекеттік-құқықтық және заң жұмыстары бөлімінің басшысы қызметін атқаратын Анна Кузнецова форумда үш тілде сөйлеп, тілдің үштұғырлығы туралы сөз қозғады.

Өскемен қаласында 3477 әскери бөлімінде қызмет атқаратын Александр Чернов мемлекеттік тілдің әскери саладағы маңызын айтып өтті.

Шара соңында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің журналистика мамандығының студенті Екатерина Бобко облыстық жастар форумына қатысушылардың Шығыс Қазақстан жастарына арнаған үндеуін жариялады. Үндеу бір ауыздан қабылданды.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оны жастар ортасында насихаттау, қоғамды біріктіру үшін қазақ тілінің әлеуетін кеңінен пайдалану жөніндегі Елбасы белгілеген міндеттерді іске асыру мақсатында ұйымдастырылған форум концерттік бағдарламамен жалғасты.

ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы