ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ресми сайты

«Жаңа әліпби – рухани жаңғырудың негізі»

Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы 2018 жылдың сәуір айынан облыс көлемінде «Жаңа әліпби – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбында көшпелі семинар-тренинг өткізуді бастады. Жыл көлемінде аталған тақырыпта  төрт семинар-тренинг ұйымдастыру жоспарланған. Оның алғашқысы  2018 жылғы 27 сәуірде Жарма ауданы Қалбатау ауылында өтті. Оған Аягөз, Жарма, Зайсан, Көкпекті және Тарбағатай аудандарындағы мемлекеттік органдардың және басқа да саланың қызметкерлері қатысты.

Шараның мақсаты -  латын графикасындағы жаңа әліпбидің маңызын көпшілікке таныту, жаңа әліпби негізінде жазу дағдысын қалыптастыру. 

Семинар-тренинг жұмысын Жарма ауданы әкімнің орынбасары Айдар Ибраев құттықтау сөзбен ашып, ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының  тілдерді дамыту және үйлестіру жұмыстары бөлімінің басшысы Сәуле Қалиғазина шараның мақсаты мен міндетін таныстырды.

Семинар-тренингтің бірінші бөлімінде ERUDIT білім беру - ғылыми орталығының атқарушы директоры, филология магистрі, халықаралық деңгейдегі тренер Азамат Азатов семинарға қатысушыларға жаңа әліпби негізінде жаттығу жұмыстарын орындатты.

Семинарға қатысушылар жеке жұмыс барысында жаңа әліпби негізінде «Қатысушы резюмесін» толтырса, жұптық жұмыста Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан берілген үзінділерді латын графикасы негізіндегі әліпби бойынша жазып шықты. Ал топтық жұмыс барысында аталған мақаладан алынған үзінділерді жаңа әліпби негізінде мүдірмей оқуға машықтанды.

Сонымен қатар практикалық жұмыс барысында латын графикасы негізіндегі әліпбиді дербес  компьютерде қолдануға арналған онлайн конверторлар және  смартфондар мен планшеттерде  жұмыс жасауға арналған  бағдарламалар таныстырылды.

Семинар – тренингтің екінші бөлімінде Семей қаласы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің  философия және саясаттану кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Арафат Мамырбеков және Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің  қазақ тілі және әдебиет кафедрасының аға оқытушысы Төлеуғазы Мүрсәлімов  қазақ жазуының тарихына шолу жасап, практикалық жұмыс барсында туындаған мәселелер бойынша қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Семинар-тренинг қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификат тапсырылды.

 

ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы