ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ресми сайты

Тілдер фестивалі тойланды

ҚР Премьер-Министрінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысымен 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілді. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлайды. 

Осыған орай 2018 жылғы 12 қыркүйекте Шмонаиха ауданының орталығында ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы және Шемонаиха ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Отанымыз ортақ, тіліміз түрлі, тілегіміз бір» атты облыстық тілдер мерекесі өтті.

130-дан астам этнос өкілдері қоныс тепкен қазақ жерінде бұл мереке 1998 жылдан бастап тойланып келеді.

Шараның мақсаты – облыста тұратын барлық этностардың тілі мен мәдениетін сақтау жағдайында ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің ауқымды қолданысын қамтамасыз ету.

Қазақстан халқының тілдері күніне арналған шараға облыстағы этномәдени бірлестіктердің, шығармашылық топтардың, зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және аудан тұрғындары қатысты. Мерекелік шара аясында этномәдени бірлестіктердің қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Аталмыш мереке халықтар достығының көрінісімен басталды. Мерекеге жиылған жұртты ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдын Шаймарданов құттықтады.

Құттықтаудан кейін аудандық, қалалық этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін тарту етті. Әр ұлттың тілінде ән шырқалып, би биленді.

Сондай-ақ, шара барысында «Латын графикасы – өркениет жазуы» атты акция ұйымдастырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған шараның мақсаты – латын графикасындағы жаңа әліпбидің маңызын көпшілікке таныту, тұрғындардың жаңа әліпбиге қызығушылығын арттыру және таныстыру.

Акция сайыс форматында өткізілді. Мереке күні өткізілген шараға әртүрлі жастағы аудан тұрғындары мен қонақтары қатысып, тапсырмаларды дұрыс орындаған қатысушыларға түрлі сыйлықтарға ие болды.

Мереке соңында оған қатысушылар достық пен бірліктің белгісі ретінде Достық үйінің алдына шығып, көкке шарлар ұшырды.

Шығыс Қазақстанда 105 түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олардың мәдениетін сақтап, өз ана тілдерін оқып-үйренуі үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінгі күні облыста 11 этностың тілі оқытылады. Шығыс Қазақстан халқының тілдері мен мәдениетін түлету мектебі мен облыстың аудан, қалаларында ұйымдастырылған этнос тілдерін оқыту үйірмелерінде 39 топта 702 тыңдаушы өз ана тілдерін оқуда.

ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы