ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ресми сайты

Латын графикасындағы жаңа әліпби негізінде жеке, жұптық, топтық тапсырмалар орындалды

ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастамасымен жылдың басында қолға алынған «Жаңа әліпби – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбындағы облыстық шараның төртінші семинар-тренингі 2018 жылғы 10 қазанда Семей қаласында өтті.

Бұл жолғы тренингке Курчатов, Семей қалалары мен Бесқарағай, Бородулиха, Үржар аудандарының мемлекеттік және басқа да сала қызметкерлері қатысып, латын графикасындағы жаңа әліпби негізінде жазу мен оқуға машықтанды.

Семинар-тренингке қатысушылар қазақтың жазу тарихында 1929-40 жылдар аралығында қолданылған әліпби негізінде жарық көрген кітаптардың көресімен және Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің базасындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жұмысымен танысты.

Семинар-тренингтің практикалық бөлімінде Семей қаласындағы Талдау және әлеуметтік - маркетингтік зерттеулер институтының директоры,  халықаралық деңгейдегі тренер Арафат Мамырбековтің  жетекшілігімен жаңа әліпби негізінде жеке,  жұптық және топтық тапсырмалар орындап, жазу мен оқуға машықтанған қатысушылар алған дәрістерін тест орындау арқылы бекітті.

Ал теориялық бөлімде ERUDIT білім беру - ғылыми орталығының атқарушы директоры, филология магистрі  Азамат Азатов жаңа әліпбидің тарихына шолу жасап, маңыздылығын түсіндірді, практикалық жұмыс барсында туындаған мәселелер бойынша қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Семинар – тренинг барысында латын графикасы негізіндегі әліпбиді дербес  компьютерде, смартфондар мен планшеттерде  қолдануға арналған онлайн конвертерлар,  бағдарламалар  таныстырылды.

Семинар-тренинг қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификат тапсырылды.

 

ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы