ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ресми сайты

Зайсанда Оралхан Бөкей оқулары өтті

Оралхан Бөкейдің 75 жылдығына орай, 2018 жылы 18 қазанда Зайсанда көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы облыстық байқауы өтті. Сөз додасы аудандық мәдениет үйінде болды.

Байқаудың негізгі мақсаты мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, ел ішінен талапты, талантты жастарды іздеп табу және көркем шығармаларды оқып-үйрену мен насихаттауда жастардың ықыласы мен қызығушылығын арттыру болды.

Байқауда облысымыздың аудан, қалаларынан аудандық, қалалық байқаудан озып шыққан 16 жеңімпаз бақ сынасты.

Байқауға қатысушылар Оралхан Бөкей шығармаларымен қатар елімізге белгілі, сөз өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан ақындардың Астана туралы поэзиясынан үзінді оқып, өз өнерлерін ортаға салды.

Байқау ережесіне сай, прозалық шығарма, драмалық шығарма және мәнерлеп өлең оқу кезеңдері бойынша өзара сынға түскен қатысушылар қазылар алқасының тарапынан тиісті бағасын алып, жеңімпаз балдық көрсеткіш бойынша анықталды. Нәтижесінде үздік шыққан төрт үміткердің аты белгілі болды.

Өзінің үздік өнерімен ерекшеленген Жарма ауданының тумасы Динара Мұхамади бас жүлдеге ие болды. 1-орынды Курчатов қаласы атынан сынға түскен Тоқтарғазы Жұмаш еншілесе, 2-орынды Гүлбибі Сейдәлі (Өскемен қаласы) иеленді. Жүлделі 3-орын Ажар Ануарбековаға (Зайсан ауданы) бұйырды.

Сондай-ақ, Нұрболат Ерболұлы (Бородулиха ауданы) «Астана – бас қала» деген номинациямен марапатталса, Өскемен қаласынан келген Балғын Жекен «Сахна шебері» деген номинацияға ие болды. Залдағы көрермендерді даусымен, шеберлігімен тәнті еткен Мерғалым Тұрсынбеков (Үржар ауданы) «Қара сөздің қас шебері» атты номинациямен марапатталды.

Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Оралхан Бөкей оқулары облысымыздың өңірлерінде сәуір айында басталған болатын. Жалпы, қатысып жатқан балалардың бойынан талант пен талпынысты байқау қиын болған жоқ. Қазір жастар кітап емес, интернетке жүгінеді. Бұл заман талабынан болар, бірақ, кітап еш уақытта ұмытылмайды. Бүгінгі байқаудың мақсаты да сол – кітап әруақытта адамның рухани азығы болып қала беретінін дәлелдеу. 

ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы