ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ресми сайты

«Ел тарихы – жер тарихы» атты Семинар-кеңес

2019 жылғы 2 қазанында Бородулиха ауданында Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р. Төлемісованың төрағалық етуімен «Ел тарихы – жер тарихы» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Семинар-кеңестің мақсаты Атамекен атауларына қатысты Кеңес заманынан қалған атауларды Қазақстанның тәуелсіздігіне сәйкестендіруге, сонымен қатар ономастикалық атауларды ретке келтіру және тарихи атауларды жаңғырту мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи атауларға және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен қайта атауға сондай-ақ тарихи негіздерге сүйене отырып, өткеннің жинақталған ғылыми проблемаларын шешудің жолдарын тауып, ономастика жүйесін одан әрі дамыту бағыттарын анықтау болды.

Семинар-кеңеске Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Исин Амантай Исаұлы, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ, орыс, филологиясы және журналистика кафедрасының доценты, филология ғылымдарының кандидаты Бияров Бердібек Нұролдаұлы, Семей, Риддер,Бородулиха, Глубокое, Алтай, Бесқарағай, Шемонаиха қала аудандары әкімдерінің орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен мамандары, Бородулиха ауданының мектеп директорлары мен тұрғындары қатысты.

Семинар-кеңесте Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р. Төлемісова «Ономастикалық жаңару-рухани жаңғыру кепілі» тақырыбындағы баяндамасымен сөз бастады.

Сонымен қатар Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Исин Амантай Исаұлы «Белағаш даласының тарихы» баяндамасымен Белағаш даласына қатысты өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ, орыс, филологиясы және журналистика кафедрасының доценты, филология ғылымдарының кандидаты Бияров Бердібек Нұролдаұлы «Кірме атауларды ауыстырудың тиімді жолдары» тақырыбында баяндамасын оқыды.

Бородулиха, Глубокое, Шемонаиха аудандарының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен мамандары ономастика саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстары бойынша баяндамаларын оқыды.

Жиында мемлекеттілікті нығайтудың басым бағыттарының бірі болып келетін ұлттық ономастика мәселелерін нақты жағдайда талқылап, жергілікті атқару органдарының тарихи атауларды қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттілігі жөнінде сөз қозғалып, ұсыныстар айтылды.