ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ресми сайты

«Аударма: теория мен тәжірибе»  

2019 жылғы 24 желтоқсанда Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы өткізген «Аударма: теория мен тәжірибе» тақырыбындағы облыстық семинар-тренинг аудармашылардың біліктілігін арттыруға арналды.

 Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған шараның мақсаты - қазақшадан орысшаға және орысшадан қазақшаға аударма жасайтын мамандардың біліктілігін арттыру және ілеспе аудармашылар дайындау.  

Семинар – тренингке облыстағы мемлекеттік органдар мен мекемелердің аудармашы мамандары қатысты.

Шараны кіріспе сөзбен ашқан ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Ә.Төлемісова  мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ресми қолданысын ұлғайтудағы аударманың рөліне тоқталып,  мемлекеттік тілді дамыту ісіндегі  аударма саласын жетілдірудің  маңызын атап өтті.

Теориялық және практикалық бөлімдерден тұратын семинар-тренингті «Парасат» кеңес беру-әдістемелік орталығының директоры, лингвистика саласының магистрі И.Қ.Беркімбаева жүргізді. 

Семинар-тренингтің бірінші бөлімінде Индира Қилымбекқызы қатысушыларға аударманың негізі мен түрлерінен теориялық мағлұмат берсе, екінші бөлімінде ілеспе аударманың ерекшеліктері мен практикалық қырларына тоқталып, аудармашы мамандарды ілеспе аударма жасауға үйретті.

Қазақ және орыс тілдерінің лексика-грамматикалық заңдылықтары негізінде сапалы және толыққанды аударма жасауға үйретуге арналған шараның нәтижесі бойынша қатысушыларға сертификат тапсырылады.

 

ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы